Әлеумет

Шөбереге жалғасқан шуақты ғұмыр

Тағдыр табыстырып үбірлі-шүбірлі болып, өмір бойы сыйласып келе жатқан ерлі-зайыпты Мейірхан Батырханұлы мен Нәзира Батырханова биыл Алтын тойларын тойламақ. Ұрпаққа тәрбиелік мәні зор той иелерінің өнегелі әңгімелері көпшілікті қызықтырары хақ.

Екеуімізді әкем табыстырды…

Әкем Батырхан – байдың тұқымы. Қазір Ырғыз ауданының Калинин ауылының бірсыпыра жері арғы атамыз Жансүгірдің есімімен аталады. Өз атам Жәкен де бай болған. Анам Қанкөшек Бекбосынқызы – 13 құрсақ көтерген жан. Соғыс жылдары, ашаршылық кезең біздің отбасын да қайғыға салды. Бауырларым шетінен көз жұмып, әпкем Балғаным, мен және қарындасым Серік аман қалған екенбіз. Кейін қарындасымнан да айырылып қалдым. Қазір ол кісінің артында қалған бала-шағасы бар. Мен әпкемнің қолында тәрбиелендім. Мені сол кісі оқытып, көзімді ашты. Қазір әпкем сексеннің сеңгіріне шықты. Павлодар облысында тұрады.  Марқұм жездем Махмет Дүйсенов жайсаң жан еді. Ол қазақтың алғашқы генералдарының бірі болды, – деп Мейірхан аға әңгімесін бастады.

Мейірхан Батырханұлы 1937 жылдың 1 сәуірінде Арал ауданының Бөген деген жерінде дүниеге келіпті.

Менің балалық шағым Арал өңірінде өтті. Кейін әке-шешем Шалқар ауданына қоныс аударды. Әпкемнің ықпалымен мен мал дәрігерлік техникумын тәмәмдап, еңбек жолымды Шалқардан бастадым. Ұзақ жыл апа-жездемнің қолында орыс  тәрбиесін алғандықтан ба, бастапқы уақытта қазақы жердің үрдісіне бейімделе алмадым. Сөйтіп, әке-шешеме қолғанат болып, еңбек етіп жаттым. Бір күні әкем маған: «Киімдеріңді дұрыста, ертең келіншек алуға барасың», – демесі бар ма.  Жолдасым Нәзира да біз тұрған Тұмалыкөл ауылындағы біреудің мәпелеп отырған жалғыз қызы болды. Әке-шешем оған сыртынан көз тігіп жүрген екен, – деген Мейірхан ағаның әңгімесін одан әрі Нәзира апа жалғастырып әкетті:

– Өз шешем Ұлмекен мені қазақы тәрбиеледі. Атам мен енеме сол қазақылығым ұнаған болу керек, үйге келіп анамнан жиі-жиі мені сұрайтын болыпты. Тіпті, атам: «Егер осы балаңды маған бермесең, оған теріс батамды беремін», – деген де сөздер айтыпты. Ол кезде Мейірхан екеуміздің де бір-бірімізден ептеп хабарымыз болды. Сөйтіп, үйлену тойы біздің үйден басталды. Үлкендердің батасын алдық. Ол кезде қазіргідей кафе, мейрамхана деген жоқ. Той үйдің бір бөлмесінде өте шығады. Менің сол шаңыраққа келін болып түсуіме атамыздың ықпалы зор болыпты. Қар еріп, көктем шығып жатқан кез. Ол кезде көшеде көліктер де сирек жүреді. Сондықтан ол үйге келін болып ат жеккен шанамен бардым. Сол кезде мен не бары 17 жаста екенмін.

Қызықты әңгіме және қылықты келін

Алғашқы кезде бөтен отбасының тәрбиесіне көну маған өте қиын болды. Дегенмен бір әулетке келін болып түскесін, барлық қиыншылықтарға төзуге бел будым. Қайын апам да мені бөтен санаған жоқ, білгендерін айтып отырды. Дастарқан басында атам жас кезіндегі қызықты әңгімелерін есіне түсіріп отыратын. Бір күні ол осындай бір әңгіменің арасында атқа мініп, қыз-келіншектердің ауылын аралағаны жайында әңгімені бастай бергені сол еді, енем оны бүйірінен түртіп қалды: «Ұят емес пе, келін сенің құрдасың ба еді», – деп. Ал маған атамның сол айтып отырған әңгімелері қатты ұнайтын. «Ата, айта беріңіз», – деп қоямын. Қазір сол қылықтарым есіме түссе, рахаттанып күліп аламын, – деді Нәзира апа.

Мейірхан аға елу жыл отасқан өмірінде зайыбының үй күтімі, қонақ күту мәдениетін жоғары бағалайды. Ал Нәзира апа:

Мен зейнеткерлік жасқа жеткенше жолдасымды бірыңғай жұмыстан басқа шаруаға алаңдатпауға тырыстым. Ол қанша мал дәрігері болғанмен, ауладағы келіп тұрған бұзауды танымайтын. Апталап малшыларды аралап кететін кездері болады. Үй шаруасындағы барлық жұмыстарды бір өзім атқара беремін. Бұл кісінің тұла бойындағы қасиеті – әйелді жұдырықтап ұрып көрген жан емес. Мүмкін, менің де ұратындай дәрежеге жеткізетін оғаш қылығым болмаған шығар, – деді ол.

Ырғыздың «Сыр сұлулары»

Кейін Батырхановтар отбасы Ырғыз ауданының Калинин жеріне қоныс аударады. Әуелі Мейірхан аға Калинин ауылының комсомол ұйымының хатшысы, кейін ферма басқарушысы міндеттерін атқарады.

Ырғызға қоныс аударған уақытта Калинин ауылының директоры Қияс Сәрсембаев деген азамат болды. Ол кісі қарамағындағылардың артық әңгіме айтып, арақ-шарап ішуіне мүлдем қарсы болды. Ол бізден тек жұмысқа уақытында келіп, өз міндетімізді уақтылы орындауымызды талап етіп отырды. Біз ауылда 13 жұп болып жүретінбіз. Олардың арасында ауылдағы он жылдық мектептің бірсыпыра мұғалімдері де болды. Ұмытпасам, сол кездегі партком Құттымұрат, Сәбит Наурызбаев, Мұқас Сәрсембаев, Байжан Белесов, Лайық Шоқпаров деген азаматтар да біздің топта жүретін. Лайық жұмысқа Ырғыздан қатынайды. Бізбен сауық-сайран құру үшін бала-шағасын «УАЗ» көлігіне тиеп, Калининге келуден жалықпайтын. Сөйтіп, 13 отбасы сырнайлатып, кернейлетіп көңіл көтеретінбіз. Бұл сауығымызды кейін ұстаз Сейіт Сейілұлы байқап, бізге «Сыр сұлуы» тобының мүшелері деп ат қойып бергені бар. Сол «Сыр сұлуының» құрамына кейін Ораз бен Жәмилә, Айнагүл есімді құрдастарымыз да кірді, – деп Мейірхан аға жастық шақтың бір думанын еске түсірді.

Нәзира апаның айтуынша, қазіргідей бұрын да үйден қонақ арылмапты.

Отағасы ауылдың басқарушысы болғасын, сырттан келетін сыйлы қонақтарды жайлау менің міндетіме жатады. Кеңшар директоры да жоғарыдан келетін қонақтарды біздің үйге бөледі. Бір күні үйімізге Алматыдан атақты әртістер келді. Оның ішінде жезтаңдай әнші Майра Ілиясова да болды. Біз қонақтардың жайлы тыныстауына бар жағдайды жасауға тырысамыз. Тіпті, өзіміздің жатын бөлмемізге дейін солардың меншігіне беретінбіз. Ал өзіміздің сарайға болмаса далаға қонып жүрген кезіміз де болды. Қазір дүкендерде жоқ емес зат жоқ. Бұрын қонақ жайлау қиын болды. Арақ-шараптың өзі тапшы еді. Тіпті, шампанды дүкеннен зорға дегенде жаздыртып алатынбыз, – деді Нәзира апа.

Ата-баба сүйегі жерленген қасиетті мекенде олар 13 жыл тірлік етеді. Сауық-сайранға толы жастық шақтың жалынды жылдарын бастан өткеріп жүргенде Мейірхан аға мен Нәзира апа балаларының ер жетіп қалғанын байқамай да қалады. 1978 жылы олар Қарабұтақ ауылының Ақкөл ауылына қоныс аударады. Мұнда Мейірхан аға осы ауылдың екінші фермасында өз мамандығы бойынша қызмет етеді. Нәзира апа болса ұзақ жыл балабақшада тәрбиеші болып, кейін 1987 жылы Ақтөбеге қоныс аударғасын, тарихи-өлкетану мұражайында еңбек етеді.

Әжесі баққан балалар

Нәзира апа – 13 құрсақ көтерген Батыр ана. Отбасын құрып, үйлі-баранды болған қызы Лаураның қайғысы бүгінде Мейірхан аға мен Нәзира апаның жанына қатты батады. Бір отбасынан түлеп ұшқан ұл-қыздардың қалғандары қазір үбірлі-шүбірлі күн кешуде.

Туғаным болмаса, балалардың барлығын енем бақты. Ол кезде аурухана дегенді білмейміз, он үшін де үйге босандым. Енем өзі құндақтап, бауырына басты. Емізетін уақытта баланы атам болмаса енем өзі әкеліп, қасымда күтіп отырады. Емізіп болғасын, өз бөлмелеріне қайта алып кетеді. Сөйтіп, үш-төрт ай еміздіртеді де, суалтып жіберетін. Олар осылайша әр баланың  бейнетіне қалып, олардың әрқайсысын тәрбиелі азамат етіп өсіріп берді. Мен бұл шаңырақтың жалғыз келіні болғасын, атам мен енемді өле-өлгенше риза етуге тырыстым. Бұл шаңыраққа жастайымнан келгесін бе, енем маған өз қызындай қарап, менімен сырласып отыратын. Енемнен үйренген бұл қасиетті қазір мен өз келіндеріме де үлгі етемін, -деді Нәзира апа.

Нәзира апа өзі айтқандай, қазір ол келіндерімен «подружка». Реті келсе олармен бірге би билеп, ән де салып алады.

Мен енемін деп келіндерге ұрсуға болмайды. Олар да біреудің баласы. Ұрысып, ерегескеннен гөрі, олармен ойнап-күліп сөйлессең, келіндердің көнбейтіні жоқ. Құдайға шүкір, қазір алты келінім бар. Мен оларға не керегін біліп отырамын. Олар да менімен ақылдасып отырады, – деді Нәзира апа.

Мейірхан аға мен Нәзира апаның тұңғышы Жүсіп мамандығы бойынша инженер-механик. Одан кейінгі ұлы Бауыржан – экология саласының маманы. Жанаты мұғалім болса, Бақытханымы – кітапханашы. Балаларының бірсыпырасы жеке кәсіппен айналысады. Келіндері де бір-бір мамандықтың иегерлері.

Бүгінде Мейірхан аға мен Нәзира апа 25 немере мен 5 шөберенің ардақты ата-әжесі атанып отыр. Балаларымыз бақытымыз деп түсінетін Алтын той иелерінің салтанатты «үйлену тойлары» аз уақыттан

соң қалалық АХАЖ бөлімінде тіркеуге алынатын болады.

P.S. Бүгінде Нәзира апаның «Мясная королева» деген атағы бар. Бұл атақты оған халық қойып беріпті. Қазір ол Орталық базарда ет сатады. Бұл кәсіпке келіндері мен қыздары да бейімделіпті.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button